www.shahtinsk.gov.kz ШАХТИНСК ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ – РЕСУРСЫ
Мысалы: Қаржылар
Баннер Баннер Баннер Баннер Баннер Баннер

Оқиғалар

Мемлекеттік қызметтегі жаңа заңдар (мақала «Шахтинский вестник» газетінде № 27 2016ж.08.07. жарияланған)

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және бірінші 15 қадамды іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңына қол қойылған болатын. Жаңа Заңның әрекет етуінен қандай өзгерістердің орын алғаны туралы әңгіме Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талант Бақбергенұлы Медетпен өрбиді.
-Талант Бақбергенұлы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңға сәйкес үш сатылы іріктеу жүйесі енгізілді. Сонда мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі қиындай түсті ме?
- Жоқ, мемлекеттік қызметке орналасу кезінде ешқандай қиындықтар болмайды. Мемлекеттік қызметке орналасу конкурс негізінде жүзеге асырылады. Конкурстың екі түрі бар: азаматтар арасындағы жалпы конкурс және мемлекеттік қызметшілер арасындағы ішкі конкурс.
Жалпы конкурс өткізілген кезде, үміткерлер қазіргідей тест тапсырып, конкурс жариялаған мемлекеттік органда салалық білімі бойынша әңгімелесуден өтеді. Сәтті тапсырылған тестілеу мен конкурс жариялаған мемлекеттік органдағы әңгімелесу арасында бір ғана кезең қосылып отыр, ол жеке тұлғалық қасиеттері мен мемлекеттік қызмет қағидаларына адалдығы бағаланатын тестілеу кезеңі. Бұл тестілеуді азаматтар заңнаманы білуге арналған тестілеуден кейін тапсырады.
Мемлекеттік қызметке алғаш орналасатын барлық тұлғалар өздерінің кәсіби қызметін тек төменгі лауазымдардан бастайды.
Жалпы конкурс өткізілген кезде, үміткерлер өтініш, анкета тапсырады және білімі туралы құжаттың, еңбек кітапшасының, жеке куәлігінің көшірмелерін, денсаулығы туралы анықтама, тестілеу тапсырғандығы туралы сертификат және жаңа ғана айтып өткендей жеке тұлғалық қасиеттері мен мемлекеттік қызмет қағидаларына адалдығы бағаланатын тестілеудің қорытындысын тапсырады. Яғни, барлығы 8 құжат тапсырулары тиіс. Тағы бір айта кететін мәселе, бұрын конкурсқа қатысушы азаматтар білімі туралы құжаттың және еңбек кітапшасының нотариалдық куәландырылған көшірмелерін тапсыруы тиіс еді. Бұл әрине шығынды талап ететін.
Биылдан бастап осы құжаттардың жәй ғана көшірмелерін тапсырса жеткілікті, бірақ білімі туралы құжаттың және еңбек кітапшасының түпнұсқаларын көшірмемен салыстыру үшін әкелулері қажет.
Жалпы конкурс негізінде қызметке орналасқан барлық азаматтарға қойылатын міндетті талаптардың бірі олар үшін 3 айлық және одан әрі 3 айға ұзартылу мүмкіндігі бар сынақ кезеңінің қойылуы және көмек көрсету үшін тәжірибелі мамандар сапынан тәлімгерлердің бекітілуі.
Одан әрі олардың мансаптық өсуі қарапайымдатылған тәртіп бойынша ішкі конкурс негізінде жүзеге асырылады.
Ішкі конкурс өткізілгенде байқау бірінші бос жұмыс орны толтырылатын мемлекеттік органның, оның ведомстволарының мемлекеттік қызметшілері арасында өткізіледі.
Лайықты үміткерлер болмаған жағдайда, ішкі конкурс барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында өткізілетін болады.
Бұл жерде айта кететін бір жаңалық, ішкі конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілерге тестілеу тапсырудың қажеті жоқ. Олар тек қана өтініш және персоналды басқару қызметімен куәландырылған қызметтік тізімін тапсырады.
- Егер кез-келген тұлға бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, қызметінен кетіп қалса, бірақ кейін мемлекеттік қызметке қайта орналасқысы келетін болса, мемлекеттік қызметшілер арасында өтетін ішкі конкурсқа қатыса ала ма?
- Иә, қатыса алады, бірақ бұл тұста шектеулер бар. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес аталмыш тұлға жұмыстан шыққаннан соң 30 күнтізбелік күн ішінде, басқа жеке және заңды тұлғалармен еңбек қатынасына түспеген, мемлекет шекарасынан аспаған жағдайда ішкі конкурс қорытындысы бойынша «Б» корпусының бос жұмыс орнына орналаса алады.
Тағы қайталап айтып кетейін, ішкі конкурсқа қатысатын үміткерлер тестілеуден өтпейді. Ішкі конкурсқа қатысу үшін тек бекітілген нысандағы өтініш пен кадр қызметімен куәландырылған қызметтік тізім тапсырады.
- Демек, «Б» корпусының бос жұмыс орындарына орналасу тек конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады ғой?
- Дәл солай. Бірақ оған қоса жаңа заң бойынша «Б» корпусының бос жұмыс орнына ауысу тәртібі бойынша орналасу мүмкіндігі қарастырылған, алайда барлық мемлекеттік қызметшілер үшін емес. Әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасу жергілікті өкілдік органдарымен тағайындау және сайлау арқылы да жүзеге асырылатын болады. Бұл норма ауылдық округ, ауыл, кент әкімдеріне қатысты.
Сонымен қатар, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ротациялау тәртібі арқылы да тағайындауға рұқсат етіліп отыр. Бұл жағдайда да барлық мемлекеттік қызметшілерді емес, облыс аумағын алатын болсақ, С-О-1 және D-O-1 санаттарына жатқызылған мемлекеттік қызметшілерді ғана.
«Б» корпусының кадрлық резерві институтының жойылғанын айтып кеткенді де жөн санап отырмын.
Бұл дегеніміз, осы жылдан бастап мемлекеттік органдардың конкурстық комиссиялары үміткерлерді «Б» корпусының кадрлық резервіне тіркеу туралы шешімдерді қабылдай алмайды.
- Сонда, былтыр кадрлық резервке тіркелген адамдарды қайтеміз? Биылдан бастап олар кадрлық резервтен шығарылып тасталды ма?
- Жоқ, шығарылған жоқ. Жаңа заңның күшіне енгеніне дейін «Б» корпусының кадрлық резервіне тіркелген үміткерлер, бір жылдық мерзім ішінде «Б» корпусының лауазымдарына тағайындала алады. Яғни, мысалы, 2015 жылдың 20 желтоқсанында үміткер резервке тіркелген болса, онда оған осы жылдың 20 желтоқсанына дейін конкурссыз лауазымға орналасуына рұқсат етіледі.
Тағы бір айта кететін мәселе, заңнама білімі бойынша тестілеу сертификаттарының тестілеуді өткен күннен бастап бір жылға дейін жарамдылығы. Мұндай сертификат бар болған жағдайда Министрлікте немесе оның аумақтық бөлімшелерінде жеке тұлғалық қасиеттері мен мемлекеттік қызмет қағидаларына адалдығы бағаланатын тестілеуден өту ғана қажет.
- Тестілеу мәселесін жақсы көтердіңіз. Тестілеу бағдарламасы бойынша шекаралық мәндер төмендетілді ме? Менің білуімше, өткен жылы тестілеуден өту пайызы төмен болып, көптеген азаматтарымызға бір-екі ұпай жетпей қалған жағдайлар болған?
- Дәл солай. Өткен жылы тестілеуді 4757 адам тапсырып, олардың тек 1519 немесе 32% шекаралық мәнді сәтті еңсерген.
Ал қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері министрімен тестілеуді ұйымдастыру бойынша жаңа Ереже бекітілді. Осы Ережеге сәйкес тестілеуді тапсыру бойынша заңдар санында өзгеріс жоқ. Алайда шекаралық мәндер бойынша өзгерістер орын алып отыр.
Мәселен, бірінші бағдарлама 9 заңнан (Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Нормативтік құқықтық актілер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы») тұрады және дұрыс жауап саны барлық нормативтік құқықтық актілердің барлық сұрақтарынан (135 сұрақ) 95-тен және әрбір нормативтік құқықтық актілерден 5-тен кем емес болуы тиіс. Тестілеуді орындауға берілетін уақыт 110 минут.
Екінші бағдарлама 8 заңнан (Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы») тұрады және шекаралық мән барлық нормативтік құқықтық актілердің барлық сұрақтарынан (120 сұрақ) 72-ден және әрбір нормативтік құқықтық актілерден 5-тен кем емес дұрыс жауап межесінде орнатылған. Тестілеуді орындауға берілетін уақыт 100 минут.
Үшінші бағдарлама 6 заңнан (Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы») тұрады және шекаралық мән құқықтық актілердің барлық сұрақтарынан (90 сұрақ) 45-тен кем емес және әрбір нормативтік құқықтық актілерден 5-тен кем емес дұрыс жауапты құрайды. Тестілеуді орындауға берілетін уақыт 80 минут.
Заңнамалар бойынша шекаралық мәннен жоғары нәтижемен тестілеуден өткен жағдайда үміткер 20 минут аралығында жоғарыда айтып кеткендей жеке тұлғалық қасиеттері мен мемлекеттік қызмет қағидаларына адалдығы бағаланатын тестілеуді тапсырады.
Заңнама білімі бойынша тестілеудің нәтижесінде сертификат, жеке қасиеттерін бағалау бойынша қорытынды беріледі.
Егер үміткер заңнамалар бойынша тестілеуден өтпей қалса, онда ол қайта тестілеуге 2 айдан кейін ғана бара алады. Бұрын бұл мерзім 3 ай болатын, қазір 2 айға дейін қысқартылып отыр.
- Үміткерлердің қайта тестілеу мерзімін, яғни, 2 айды күтпестен, тестілеу нәтижелеріне шағымдану мүмкіндігі бар ма?
- Иә, департаментте үміткерлердің тестілеу нәтижелері бойынша шағымдарын қарайтын апелляциялық комиссия жұмыс істейді.
Апелляциялық комиссияның отырысында тестілеудің жалпы алғанда 1 немесе 2 ұпайын ала алмаған үміткерлердің ғана шағымдары қаралады. Мысалы, үміткер екінші бағдарлама бойынша қатысып, қажетті 72 ұпайдың 70 ғана алды. Міне, осындай үміткерлердің апелляцияға беруге құқықтары бар.
Шағымды үміткердің өзі тестілеуден өткен күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде апелляциялық комиссиясының төрағасының атына жазуы қажет.
Комиссия отырысында үміткер дұрыс емес жауап берген тестілеу тапсырмалары қаралып, қорытындысында комиссия келесі шешімдердің бірін қабылдайды: аппеляцияны қанағаттандырусыз қалдыру; аппеляцияны қанағаттандырып, үміткерді қайта тестілеуге жіберу, яғни, қайта тестілеуге баратын 2 айды күтпей.
- Талант Бақбергенұлы, бұрын мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау қорытындысы бойынша аттестаттауды 3 жылда 1 рет өткізу қарастырылған болатын. Енді аттестаттауды өткізу қандай кезеңділікке жорамалданған?
- Енді мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттау ел Президентінің шешімімен өткізіледі, сәйкесінше, өткізу тәртібі мен мерзімдері де Елбасымен анықталады. Яғни «бағалау қорытындысы бойынша аттестаттау»  деген ұғым болмайды.
- Менің білуімше, жаңа Заңға сәйкес мемлекеттік қызметкерлердің зейнеткерлік жасына жетуіне байланысты жұмыстан шығу бөліміне де өзгерістер енгізілген екен?
- Иә, оныңыз рас. Бұрынғы заңға сәйкес мемлекеттік қызметті тоқтатуға негіздің бірі - әкімшілік мемлекеттік қызметшінің қос тараптың келісімімен еңбек шартын жасасу арқылы жыл сайын мерзімін ұзарту құқығымен зейнет жасына жетуі болған.
Енді осы жылдан бастап жаңа заңның күшіне енуіне байланысты зейнеткерлік жасына жеткен тұлғалармен келісімшарт тек бір жылға ғана ұзартылатын болады. Ал қазіргі таңда еңбек шарты негізінде жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметкерлер осы жылы жұмыстан шығарылуы тиіс. Өйткені олар зейнеткерлік жасына жеткен және олармен бұған дейін еңбек шарты жасалған. Мысалы, зейнеткерлік жасына жеткен мемлекеттік қызметшімен 2015 жылы еңбек шарты жасалған. Демек, биыл мемлекеттік қызметші еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты жұмыстан шығарылуы тиіс.
- Мемлекеттік қызметшілер үшін тағы бір маңызды мәселе олардың еңбек ақысы болып келеді. Бұл тұста не күтуге болады?
- Елбасымыз «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастар жол» атты мақаласында мемлекеттік қызметшінің құзыреті, қызмет нәтижесі және оның қызметінің сипаты, көлемі мен атқарылған жұмыс нәтижесіне байланысты мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесінің заңнамалық түрде бекітілетінін атап өтті.
Қызметте аса жоғары нәтижелер үшін қосымша бонустар төлемі қарастырылатын болады. Мұндай жүйені 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарлануда.
Мұнымен қоса, Елбасының жыл сайынғы Жолдауына сәйкес осы жылы «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің еңбекақысы 30%-ға көтерілді.
- Әңгімеңізге рахмет.


Размещение информации: 25.11.2014 15:10

Последнее изменение информации: 08.07.2016 16:46

Жаңалықтар лентасы

Ауа-райы

Шахтинскта ала бұлтты 4°C , ылғал 67%, қысым 716, жел 7 м/с

Валюта бағамдары

USD 389.81
Euro 430.27
Рубль 6.06

Дауыс беру

Сізде электрондық цифрлық қолтаңба барма (ЭСҚ)?
Күнтізбе Жаңалықтар таратулар Мұрағат қарау
Система Orphus
© 2007-2019 Шахтинск қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
Яндекс.Метрика
© 2019 Әзірлеуші және қолдаушы: «Creatida» интернет-компаниясы
Басты парақ
Кері
Қаз Рус Eng Жоғары